Тип (биология)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Өсімдіктер мен хайуанаттардың таксономиялық санаттары

Тип (ағылш. phylum) – жануарлар дүниесін жіктеуде ғана қолданылатын жоғары деңгейдегі таксономиялық категория. Тип деген ұғымды ғылымға алғаш рет 1825 ж. француз ғалымы А.Бленвиль (1777 – 1832) енгізді. Оның мұндай тұжырым жасауына 1812 ж. өзінің жерлесі, белгілі ғалым Ж.Кювьенің жануарлар дүниесін құрылыс ерекшеліктеріне байланысты 4 “тармаққа”, яғни 4 типке (омыртқалылар, моллюскалар, бунақтылар және сәулелілер) бөлуі негіз болды. Кювье жануарлар арасында шығу тегі жөнінен ешбір байланыс болмайды және олар өзгермейді деп есептеді. 1828 ж. жануарлардың эмбриондық дамуын зерттеу нәтижесінде К.М. Бэр жануарлар жіктеліміндегі типтің 4 түрін қолдады. Тип жануарлар дүниесін жіктеуде кластан жоғары жүйелік топ ретінде қолданылатын номенклатура (атаутізім) болып саналады. Қазіргі кезде тип жеке тип тармақтарына жіктеледі. Мысалы, хордалылар типі, оған жататын жануарлардың құрылысы мен тіршілік әрекеттеріне сәйкес 3 тип тармағына (бассүйексіздер, қабықтылар және омыртқалылар) жіктеледі. Зоология ғылымының соңғы жетістіктеріне байланысты қазіргі кезде тіршілік ететін жануарлар кейбір деректер бойынша 24 (И.Х. Шарова, 2004) немесе 26 типке (Н.В. Чевышев, 2005) топтастырылады. 1980 жылға дейін бір клеткалы жануарлар бір ғана қарапайымдылар Типіне топтастырылып келсе, ал қазіргі кездегі электронды микроскоппен зерттеудің нәтижесінде олар 7 типке (саркомастигофоралар, апикомплексалар, миксоспоридиялар, микроспоридиялар, инфузориялар, лабиринтулалар және асцепоспоралылар) жіктелген (Шарова, 2004). Кейбір ғалымдар (Чебышев, т.б.) геологиялық кезеңдерде жануарлардың 9 типінің түрлері тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен деп есептейді. Әрбір типке жататын жануарлар түр құрамы да түрліше болып келеді. Мысалы, тақташалылар типіне 2 туысқа жататын 2 түр кіретін болса, ал буынаяқтылар типіне 2 млн-ға жуық түрлер топтастырылған. Әрбір жеке типке жататын жануарлардың түрлерінің құрылысы мен тіршілік әрекеттерінде бір-біріне туыстық жағынан көптеген ұқсас белгілер бар. Атап айтқанда, хордалылардың 40 мыңнан астам түрлерінің бәріне тән хордасы, жүйке түтігі және жұтқыншағының екі бүйірінде көптеген желбезек саңылаулары болады. Ғылымның дамуына байланысты, кейбір деректер бойынша, жыл сайын Жер шарының әр түрлі аймақтарынан орта есеппен құстардың жаңа 3, сүтқоректілердің 15 түрі табылып сипатталады. 1996 ж. жануарлардың жаңа циклофора деген жаңа типі табылып, оған ғылыми сипаттама берілді (Н.М. Мамедов, т.б., 1998). Өсімдіктер әлемінде типтің баламасы ретінде бөлім деген ұғым қолданылады.[1]

Екі мағынада колданылады.
1. Өсімдіктер мен жәндіктерді (хайуандарды) олардың құрылыс ерекшеліктеріндегі басты-басты ұқсастықтары тұрғысынан оқшаулайтын ең ірі жүйелік яки жіктемелік категория. 2. Нақтылы жүйелік яки жіктемелік категорияны алғаш рет оқшаулауға негіз болған "өкіл" хақында қолданылатын атау (мысалы, типтік түр, типтік геологиялық қима, типтік бірлестік т.с.с.).[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ ұлттық энциклопедиясы, 18 том
  2. Мұнай және газ геологиясы танымдық және кәсіптік-технологиялық терминдерінің түсіндірме сөздігі. Анықтамалық басылым. — Алматы: 2003 жыл. ISBN 9965-472-27-0